"Уральская неделя" (Орал)
"Удальская неделя" апталық басылымының құрылтайшысы әрі бас редакторы Тамара Еслямова газет жабылуға шақ тұрғанын жұртшылыққа жариялағаннан кейін өткен екі ай ішінде бар болғаны 200 мың теңгедей (шамамен 480 доллар) ақша жиналған. Донат қабылдау сәуір айында басталған. Батыс Қазақстан облысында шығатын басылымның бас редакторы ол кезде газетте екі айға ғана жететінін қаржы қалғанын айтқан еді. Содан бері өткен уақыт ішінде 135 мың теңге (шамамен 270 доллар) және 127 еуро жиналды. Бұл ақша стажерге еңбекақы төлеуге және жұмысқа қажет онлайн-қызметке жазылуға жұмсалған.
– Донат түсіп тұруы үшін БАҚ сапалы журналистік материал шығаруға қабілетті екенін тұрақты түрде көрсетіп отыруы керек. Ал біз қазір өте әлсізбіз. Жалғыз табыс көзіміз бар – жарнама. Бірақ одан түсетін ақша өте аз, күнелтуге ғана жетеді. Сәуір айында әкімшілік және басқа да шығындарды едәуір қысқарттым. Алдымен өзімнен бастадым. Бірақ бұдан әрі қысқартатын ештеңе қалған жоқ. Жақын болашағымыз бұлыңғыр, – деді Еслямова.
Ол басқаратын басылым тағы бір көкейкесті мәселемен бетпе-бет келіп отыр – кадр тапшылығы. Кейінгі үш жылда "Уральская неделя" газетіне, бос орындар барына қарамастан, бірде бір стажер келмеген.
– Біз үйретеміз, ең жақсыларын жұмысқа аламыз деп жариялаймыз, бірақ ешкім үн қатпайды. Ірі қалалармен салыстырғанда Оралда жалақы әлдеқайда төмен, сондықтан көпшілігі үлкен қалаларға көшіп кетеді. Бұған қоса, SMM-мамандарына сұраныс өте жоғары, – деді Еслямова.
"Уральская неделя" редакциясындағы жиналыс (газет архивіндегі сурет)
"Наша газета" (Қостанай)
Қаржы қиындығына қарамастан, кейбір тәуелсіз өңірлік БАҚ, арасында "Уральская неделя" да бар, контент шығаруға мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алудан принципті түрде бас тартып отыр. Басылымның редакция саясатына қауіп төндірмеу үшін деп түсіндірді редакторлар.
– Бізге хабарласып: "25 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын алуға қатысқыңыз келе ме?" деп сұрайды. Яғни, мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттауға. Біз өз ұстанымымызды түсіндіреміз – мемлекеттік тапсырыс алмаймыз, бірақ кейбір хабарландырулар мен статистиканы тегін жариялай аламыз. Біз насихат үшін ақша алып жұмыс істемейміз деп ұйғардық. Ол жөнінде тегін жазамыз, бірақ ешкімге тәуелді болмаймыз, – деді Қостанайдағы "Наша газета" басылымының бас редакторы Тимур Гафуров.
"Наша газета" – әлі күнге дейін баспа нұсқасынан бас тартпаған санаулы басылымның бірі. 20 жыл бұрын 20 мың дана болып таралған газет бүгінде облыс бойынша жаздырып алатындарды қоса алғанда, небәрі 2 мың данамен шығып отыр.
Бұл басылым – "Шанс" компаниясының бір бөлігі. Жарнамадан түскен табыс осы компанияға түсіп, ол редакцияға жалақы мен сыйақыға қаржы бөледі. Гафуровтың айтуынша, газеттің қаржы жағдайы оңай емес, бірақ өте қиын да емес:
– Ақшаға қарық болып отырмыз деуге келмейді, бірақ жарнама келіп тұрады. Күніне әртүрлі жарнама берушілерден бірнеше бейнеролик шығып отырады.
Газетте Гафуровты қосқанда 7 журналист жұмыс істейді. Тағы екі адам әлеуметтік желілерді жүргізеді. Бұған қоса он шақты штаттан тыс автор бар.
"Наша газета" басылымының журналистері редакция жиынында отыр
Бірнеше жыл бұрын редакция халықаралық ұйымнан грант алған. Сол себепті қазіргі уақытта қысымға ұшырап отыр.
– Халықаралық гранттарды мемлекеттік тапсырыспен салыстыруға болмайды. Ешбір грант беруші бізге не жазу керектігін айтқан жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, мұны бәрі түсіне бермейді. Сол себепті біздің хейтерлеріміз "шетелдік агенттер" туралы (постсоветтік елдердің кейбірінде, соның ішінде Қазақстанда, шетелдік донорлардан ақша алатын ұйымдарға "шетел агенті" ретінде тіркелуді және олардың контентін солай деп белгілеуді міндеттеу ұсынылып отыр. Ресей мұндай заңды бірнеше жыл бұрын қабылдап, қолданысқа енгізген – ред.) әрбір дерлік жаңалықтан кейін бізді "шетел агенті" деп міндетті түрде атап өтеді, – деді Гафуров.
"Наша газетаның" бас редакторы интернет-блогерлердің "арам бәсекелестікке" баратынын басылым тап болған негізгі проблема деп атады.
– Олар бізден контент ұрлайды, ал авторлық құқық жөнінде сөйлесетін жауапты адамды табу өте қиын. БАҚ-ты қайсыбір ақпарат жариялағаны үшін жауапқа тарту оңай, ал анонимді пабликтермен күресу қиын, – деді ол.
"Диапазон" (Ақтөбе)
Ақтөбедегі "Диапазон" – бұған дейін бірнеше рет жергілікті биліктің қысымына ұшырап, шенеуніктердің редакция жұмысына араласпақ болған әрекеттерін бастан өткерген тәуелсіз өңірлік басылым.
2004 жылы басылым құрылтайшысы Владимир Михайлов сот шешімін орындаудан – өз баспа үйінің қабырғасын 70 см жылжытудан бас тартқаны үшін бір жылға бостандығынан айырылды. 2017 жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы инвестициялық ахуалдың нашарлығына газет журналистерін жария түрде айыптап , ірі инвесторлардың болмауын басылымның сыни материалдарымен байланыстырған.
– Қазір жергілікті билікпен арамызда проблема жоқ. Біз ол кезеңнен баяғыда өтіп кеттік. Бірақ жеке адамдардан талап-арыз көбейді. Мысалы, жаңалыққа премьер-министр сайтынан фото алдық, кейін фото авторы шығып, бүкіл редакцияның жалақы қорынан көп ақша талап етті. Мемлекеттік тапсырысты бұрын да алмағанбыз, қазір де алмаймыз. Бұл – меншік иесінің принципті ұстанымы, – деді "Диапазон" басылымының бас редактор Елена Гетманова.
Басылымның негізгі табысы – жарнама мен баспаханадар 7 мың данамен шығатын газетті сатудан түскен ақша. Негізгі оқырмандар – егде жастағы адамдар.
Ақтөбелік "Диапазон" газетінің редакциясында жұмыс істеп отырған журналистер
Бұрын басылымның өз баспаханасы болған. Кейін сапаны жақсарту үшін оны жауып, басқа баспадан шыға бастады.
Қазір басылымда 4 журналист жұмыс істейді. Штатты кеңейтуге кадр тапшылығы мүмкіндік бермейді.
"Ақ Жайық" (Атырау)
Атыраудағы "Ақ Жайық" газеті баспа нұсқасынан бірнеше жыл бұрын бас тартқан – оның шығыны көп еді. Табиғи ресурстарға бай аймақ жағдайы жақсы жарнама берушілерден кенде емес – мұнайгаз өндірісіндегі және өзге де кәсіпорындар әлеуметтік саладағы өз жобалары туралы материалдар жариялауға мүдделі.
Бірақ мұнда да дәстүрлі БАҚ жарнама берушілерді өз жағына тартып әкететін пабликтер тарапынан қысымға кезігіп отыр, деді басылымды шығарушы әрі директоры Жомарт Әмірханов.
– Қазір негізгі жарнама нарығы әлеуметтік желілерге ойысқан. Біз де сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өңірлік БАҚ-тың бәрі пабликтердің қысымын сезініп отыр. Олар фактчекингпен айналысуды міндетті санамайды, мемлекеттік органдарға сауал жжолдамайды. Сондықтан оқырманнан келген ақпаратты бірінші болып жариялайды, лайк пен оқырман-көрермен санын жинайды. Ал жарнама берушілер, әсіресе шағын және орта бизнес – сұлулық салондары, тамақтану орындары – соларға барады. Олар мақала емес, 300 мың аудиториясы бар инстаграм пабликке reels салғанды тиімді көреді, – деді Жомарт Әмірханов.
Ереуіл болып жатқан жерден хабар беріп тұрған "Ақ Жайық" басылымының журналисі
Газет негізін қалаған Әбділда Мұқашев қайтыс болғаннан кейін басылым мемлекеттік тапсырыс алатын болған. Алайда бұл редакция саясатына әсер етпейді деп сендіреді Әмірханов.
– Жарнама келісімшарттары бізге Теңізден (Каспийде табиғи шикізат өндіретін компания – ред.) мұнай төгілгенін жариялауға кедергі болған жоқ. Сол сияқты жылу электр орталығына сатып алынған турбинаның әлі іске қосылмағанын, су тасқыны кезінде әкім автосалонда көлік таңдап жүргенін де жаздық. Біздің облыс әкімі рейтингте соңғы орында тұрғанын да жаздық. Біз қоғамға маңыздының бәрін жазамыз, тіпті шенеуніктерге ұнамай жатса да, – деді ол.
Петропавловск.news (Петропавл)
Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавловск.news редакциясы бес адамнан тұрады, газет баспа нұсқасын шығарудан бас тартқанына бірталай жыл болған, қазір тек сайт пен әлеуметтік желі парақшаларын жүргізеді. Мемлекеттік тапсырыстан бас тартуға шама жоқ, бірақ сол азын-аулақ ақшаның өзі басылымды ұстап тұруға жетпейді, деді бас редактор Екатерина Назаренко.
– Басылым негізінен жарнама есебінен өмір сүріп жатыр. Ірі жарнама берушілер келісімшартты жылдың басында жасамайды. Олар белгілеген баға өте төмен. Қымбаттата алмаймыз – кетіп қалады. Жыл басы қиын болды – тіпті жалға алып отырған жерімізге төлейтін ақшамыз болмады, – деді Назаренко. Ол бұл басылымға 2009 жылы келген, бүгінде редакторы әрі меншік иесі.
Редакция қосымша ақша табу немесе қаржы үнемдеудің түрлі жолдарын іздеуге мәжбүр. Кейде журналистер жергілікті супермаркеттер үшін "Жасырын сатып алушы" зерттеуін жасайды. Сөйтіп қосымша қаржы табуға тырысады.
– Бұл да тұрақты табыс көзі емес. Қаражат таба алмасақ, үнемдеуге тырысамыз, мысалы, іссапарға шықпаймыз. Біз "ауыл чатын" құрдық. Ауыл тұрғындары бізге ақпарат жібереді. Осылайша біз аз адаммен көбірек тақырыпты қамти аламыз, – деді бас редактор.
Петропавловск.news журналистері
Назаренко кейінгі айларда облыста мемлекеттік құрылымдардың тек мемлекеттік тапсырыс қаржысына жұмыс істейтін жаңа БАҚ-тар құру үрдісін байқағанын айтты.
– Жоқ жерден тұтас редакция пайда болып, оған мемлекеттік телеарналардан журналистер ауысып барады. Менің ойымша, мақсаты – біз, тәуелсіз БАҚ-тар ықпал ете алмауымыз үшін аудиторияны өзіне тартып алу. Біз әлдебір жаңалық жарияласақ, оны басқа журналистер мен пабликтер көшіріп жариялап, бөліседі. Бірақ кейде проблемалық тақырыптағы материалдарымызды қайта жариялап, кейін өшіріп тастағанын байқадық, – деді Назаренко назаланып.
Сатып алу және бақылау
Тәуелсіз өңірлік журналистика әлсіреп жатқан шақта ондай басылымдардың меншік иелері жиі ауыса бастады.
2024 жылдың қыркүйегінде оралдық "Мой город" ресурсын астаналық кәсіпкер сатып алғаны белгілі болды. Бұрынғы құрылтайшы Марат Махметов мәміле қанша ақшаға түскенін айтқан жоқ.
Ақтаудағы "Лада" басылымының да иесі ауысты, бірақ оның кімге сатылғаны белгісіз.
Атыраудағы "Ақ Жайық" басылымының да иесі өзгерді. Енді басылымға Астанада тіркелген, қаржы және сақтандыру саласында жұмыс істейтін Sılver Dune Advisory фирмасының құрылтайшысы Жандос Жұмабек иелік етеді.
"Құқықтық медиаорталық" директоры Диана Окремова бұл үдерісті мемлекеттік стратегияға жатқызады.
– Ақпарат кеңістігін толық бақылауға алғысы келетін бұл саясат бәсекелестікті жояды. Билікті қолдайтын БАҚ қана қалады. Салдарынан сөз еркіндігі, медиасауаттылық және халықтың қоғамдық белсенділігі зардап шегеді, – деді Окремова.
Петропавлдық Екатерина Назаренкоға да басылымын сатып алғысы келетіндерден ұсыныс түсіпті.
– Бизнесмен редакцияны сақтап қалуға, ал маған түскен табыстан үлес беріп отыруға уәде етті. Бірақ қосымша ақшаны мемлекеттен алмақ екен. Ол бұл – бұлыңғыр схема, ал өзі тек делдал екенін маған бірден айтты. Ол сатып алғаннан кейін бізге мемлекеттік бағдарламалар туралы, "мемлекет неткен керемет" деген тақырыптарды көбірек жазуға тура келеді.
"Қазір БАҚ-ты бизнес емес, ықпал ету құралы ретінде сатып алады. Біздің сайтты сол ықпалды жою үшін сатып алғысы келеді", – деді Petropavlovsk.news иесі. Ол "сайт жарты миллиард теңгеге сатылады" деп бағасын әдейі асырып айтқаннан кейін әлгі сатып алушы зым-зия жоғалған.