Таяу Шығыста атыс тоқтауына байланысты Air Astana Иранды айналып өтіп, аталған аймаққа рейстерін қайта ұшырмақ.
Әуе компаниясының хабарлауынша, 25 маусымда төмендегі рейстер ұшырылмақ, барлығында жергілікті уақыт көрсетілген:
- KC205 Астана-Дубай, сағат 11:00
- KC206 Дубай-Астана, сағат 16:40
- KC653 Алматы-Доха, сағат 11:00
- KC654 Доха-Алматы, сағат 15:05
- KC897 Алматы -Дубай, сағат 11:15
- KC898 Дубай-Алматы, сағат 16:10
Бұған қоса, адам көп сиятын Boeing 767 ұшағымен (KC8980 Дубай-Алматы) сағат 17:40-та Дубайда қалып қалған қазақстандықтар елге жеткізілмек.
Бұған дейін Израиль-Иран қақтығысына байланысты Дубай мен Дохадан жүздеген қазақстандық елге жете алмай отырғаны хабарланған еді. Көлік министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Таяу Шығыста жағдай ушығуына байланысты қазақстандық әуе компанияларының осы аймаққа ұшуды тоқтатуы 1,7 мың жолаушыға қатысы бар: 1051 келген жолаушы және 683 кететін жолаушы.
Солардың бірі Доха әуежайында қалып қалған қазақстандық Александр Васин Orda басылымына өзінің рейсін үш күннен бері күтіп жатқанын айтқан. Жолаушылардың сөзінше, Қатардан ұша алмай, әуежайда қалып қалған азаматтарға тұратын орын берілмеген. Қазақстан елшілігі өкілдері әлеуметтік желіде шулатпауды сұраған.