Иран телеарнасы: Иран атысты тоқтату режимін жариялады

Иран астанасы Тегеран қаласы. 23 маусым, 2025 жыл.

Сейсенбі, 24 маусым күні таңертең Иранның мемлекеттік телеарнасы Израильмен арадағы қарулы қақтығыста атысты тоқтату режимі басталғанын хабарлады.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сейсенбі күні таңертең Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Дәл қазір атысты доғару немесе әскери іс-қимылды тоқтат тұру туралы ЕШҚАНДАЙ "келісім" болған жоқ. Алайда, егер израильдік режим Иран халқына қарсы заңсыз басқыншылығын Тегеран уақытымен таңғы төрттен кешіктірмей доғаратын болса, біздің одан кейін қарымта әрекеттерді жалғастыру ниетіміз жоқ", - деп жазды.

Содан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасында "атысты толық тоқтату" жөнінде келісім жасалды деп хабарлаған еді. Президент Трамп бұл келісім екі тарап та бұрын басталған әскери операцияларын аяқтағаннан кейін алдағы бірнеше сағат ішінде күшіне енеді деген.

Сейсенбі күні таңғы мезгілде Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі атысты тоқтату туралы ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан еді, ал Израиль Иран аумағындағы нысандарға әуе шабуылдарын жалғастырып жатқан болатын.

New York Times басылымының хабарлауынша, атысты тоқтату жөніндегі келісімге келуге Қатар араағайын болған. Қатар Иранға АҚШ-тың бітімге келу жөніндегі ұсынысын жеткізген.

Содан бір күн бұрын Израиль өкілдері Иранға қарсы әскери іс-қимылдарын жақын арада аяқтауы мүмкін екенін меңзеген еді. Жексенбі күні премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскери операцияның мақсатына жетуге "өте-өте жақын" қалғанын мәлімдеген.