Өзбекстан президентінің жарлығымен президент әкімшілігі басшысы лауазымы қайтадан енгізілді. Бұл қызметке мемлекет басшысы Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева тағайындалды.
2023 жылдың тамыз айынан бастап Саида Мирзияева президенттің көмекшісі қызметін атқарды. Оған дейін, 2022 жылдың қараша айынан бастап ол президент әкімшілігі атқарушы аппаратының коммуникациялар және ақпараттық саясат секторының меңгерушісі болған.
Аталған сектор бұрынғы президент әкімшілігі басшысының орынбасары Комил Алламжоновтың құрылымына кірген. Ол қоғамдық пікірді зерттеу және ақпараттық саясат мәселелеріне жауапты болған.
Былтыр қазан айында Саида Мирзияеваның жақын серіктесі саналатын Комил Алламжоновқа қастандық жасалған. Оның көлігіне оқ атылды, бірақ Алламжанов та, жүргізушісі де зардап шеккен жоқ.
Қастандықтан кейін Алламжонов саясаттан кететінін мәлімдеп, жұмысын жеке секторда жалғастыратынын хабарлаған еді.
Алайда 23 маусым күні кешке Комил Алламжонов Саида Мирзияеваның тәуелсіз кеңесшісі болып тағайындалғаны белгілі болды. Ол енді инвестициялар, сөз еркіндігі және тәуелсіз БАҚ-ты қолдау мәселелері бойынша кеңес беретін болыпты деген хабар тарады.
Азаттық бұған дейін Алламжоновқа жасалған қастандық Өзбекстанның күштік құрылымдарындағы кадрлық өзгерістерге түрткі болғанын жазған еді. Былтыр қараша айында Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (МҚҚ) басшысы Абдусалом Азизов пен осы мекеменің ондаған қызметкері қызметтен босатылған.
Биыл ақпан айында Өзбекстанның әскери соты Комил Алламжоновқа қастандық жасады деп танылған 10 адамға үкім шығарды. Сотталғандардың арасында Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Дониёр Ташходжаев бар. Ол 7 жылға бостандығынан айырылды.