Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина рақымшылық туралы заңды сараптап, елдегі 30 саяси тұтқынның тек екеуі ғана ілінуі мүмкін екенін жазды. Бұлар: Мәлік Ахметқалиев және Айдар Сыздықов. Құқық қорғаушының сөзінше, олардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін.
“Бірақ рақымшылық туралы заң сондай күрделі, сондықтан тіпті екі белсендінің ісі қайта қаралады деген үмітіміз ақталмауы мүмкін. Міне, Қазақстандағы рақымшылықтың жайы осы...” деп жазды Төреғожина.
2024 жылы мамырда Қазақстан соты “есірткі сақтады” деп айыпталған көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиевті 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Дәл осындай баппен айыпталған астаналық белсенді Айдар Сыздықов былтыр күзде бес жыл түрмеге жіберілген. Билікті сынап жүрген белсенділердің ісін сараптаған құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30-жылдығына орай тұтқындарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Ресми мәлімет бойынша, рақымшылыққа 15 мың сотталушы ілінеді. Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек.
Рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.