АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің басқа мемлекеттер өздеріндегі ядролық қаруды Иранға бере алады деп мәлімдемесіне жауап ретінде америкалық атом сүңгуір қайықтарын мақтап пост жазды.
"Өзгелерден 20 жылға озып кеткен ең қуатты әрі үздік қару – біздің атом сүңгуір қайықтарымыз екеніне шүбә жоқ. Бұл – адамзат жасаған ең күшті әрі ең жойқын қару", – деп жазды Трамп Truth әлеуметтік желісінде.
Ол америкалық атом сүңгуір қайықтары Ирандағы ядролық нысандарға сәтті шабуыл жасағанын еске салды. Трамптың сөзінше, 30 "Томагавк" қанатты зымыраны ұшырылған, бәрі "нысанаға дөп тиген".
Америкалық "Томагавк" зымырандары ядролық оқтұмсық алып ұша алады, ал атом сүңгуір қайықтары бастапқыда Совет одағына, ал қазір Ресей мен Қытайға қарсы ядролық тежеу құралы ретінде жасалған. Трамп бұл сөзін Медведевтің АҚШ-тың Иранға жасаған шабуыл сынап Telegram-да жариялаған жазбасына жауап ретінде айтты.
Медведев АҚШ-тың әуе шабуылы салдарынан Иран енді әскери ядролық бағдарламасын жалғастырып, ядролық қару жасап шығаратын болды деп мәлімдеген (Тегеран ондай бағдарламасы барын жоққа шығарады). "Бірқатар елдер Иранға өз ядролық оқ-дәрілерін тікелей беруге дайын", – деді Ресейдің бұрынғы президенті, бірақ нақты кімді меңзегенін ашып айтпады.
"Мен расымен Медведевтің Иранға ядролық оқтұмсықтар беруге уәде еткенін естідім бе? Ол шынымен солай деді ме, әлде маған ғана солай елестеді ме? Егер ол расымен солай айтқан болса және бұл расталса, маған ДЕРЕУ хабар беріңіздер", – деп жазды Трамп.
АҚШ президенті "ядролық" деген сөзге тыйым салынғанын және оған "жеңіл-желпі" қарау дұрыс болмайтынын қаперге салды. "Сондықтан да [ондай әрекеттерге бармайтын] Путин БОСС деп ойлаймын", – деп жазды Трамп.
Медведев кейінірек Трампқа жауап қатып, Ресей Иранға ядролық қару жеткізуді жоспарлап отырмағанын, өйткені ядролық қаруды таратпау туралы шартты орындап отырғанын мәлімдеді. "Бірақ басқа мемлекеттер мұны жасай алады – менің айтпақ болғаным сол еді", – деп жазды Медведев.
Ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімдер талабы бойынша, ядролық қаруды басқа елдерге беруге қатаң тыйым салынған. Мәскеу Иранның ондай қару түрін жасауына қарсы екенін ресми түрде бірнеше рет мәлімдеген.